Наурыз бойынша сөз



       Айтайын дегенім, бұл мақала тек мұсылмандарға ғана арналған. Ақиқатты ту етіп ұстанған, шынайы тақуа момындарға бағытталады. Басқа діндегілер, тəңіршілер, коммунистер немесе дінімен ісі болмағандарға қатысы жоқ. Жəне өзін мұсылманмын деп есептеп, бірақ, асылында мұсылман бола алмағандар да оқымай-ақ қойса болады.

Бұл айтайын деген сөзім ақиқат, бірақ соңынан болатын кей сөздерден, халық не деп айтады деген өсектен қорқып, əрең қасықтап жинаған беделін шелектеп төгіп аламын деп ойлайтын молдекелер неге осы мәселені көтермей келеді? Ал осы жайында шариғатта не айтылған деп сұрақ қойылса, жауаптан қашқандарды көрдім. Бірақ, шындық бəрінен де ұлы (артық). 

Көптеген алдамшы сезім мен жалған иллюзияға берілмейік. Бұл – түс сияқты, жалған өмірдің есесін тартып, есебін беретін күн де келеді. Сол күнге өзіме азық ретінде – қолымнан келген садақамды шашқандай болып – сөзімді бастайын...

Наурыз мейрамы жөнінде сөз қозғалса, көпшілігіміз мұсылмандардың мейрамы ретінде қабылдап, оның еш зияны жоқ деп, тойлап келеміз. Мүфтилік аманатта болған уақытымда, көрші өлкелердің бас мүфтиінен құттықтау сөздері келген. Иран Республикасы Наурызды мемлекеттік деңгейде өткізіп, әлемдегі елшіліктері айтпен құттықтағандай құттықтап, беретін сыйлықтарын таппай, қысылып, ұялып тұрады.

Исламда Наурыз туралы не айтылады? 

Имам Насаи, Алла оны рақым етсін, «Сунан суғра» (№1557) жəне Имам Әбу Дауд, Алла оны рақым етсін, «Сунан» (№1134) кітабында сахих иснадпен бұл риуаятты келтіреді. Хадисте Хазрет Әнас бин Мәликтен, оған Алла разы болсын, былай деп айтқан: 

«Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Мединаға қоныс аударып келген уақытта, мединалықтардың бір жылда екі мерекелік күні бар екен. Сол екі күнді олар ойын-күлкімен өткізетін. Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, олардан сұрады: “Бұл қандай екі күн?”. Олар: “Наданшылық (Исламға дейінгі жәхилиәт) дəуірінен бері, осы күні ойын ойнап, көңіл көтереміз!” – деді. Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтты: “Алла Тағала бұл екі мейрамның орнын, екі жақсы мейраммен алмастырды. Ол Құрбан айт жəне Ораза айт”». 


Хадиске шарх (түсініктеме) бергенде, Шейх Мулла `Əли әл-Қари әл-Ханафи «Мишкат» шархы «Миркат» кітабында (3/293); Шейх Мұхаммед Идрис Кандахлауи әл-Ханафи «Талик әс-сабих» кітабында (2/213); Имам Тибии Шафи`и «Каашиф» кітабында (3/242); Имам Халел Ахмад Сахаранпури әл-Ханафи «Базлул мажһуд» кітабында (5/247) – жалпысынан (осы хадиске шарх берген әрбір ғалым) барлығы былай деп айтқан: 

 · Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Мединаға келген уақыттағы екі мейрамның алғашқысы – «наурыз», екіншісі – «михиржан» мерекесі еді. 

 · «Наурыз» негізінде парсы елдерінің тілінен алынғанда «нуу» – жаңа, және «руз» – күн» – деген сөздерді қамтып, жаңа күн деген мағынаны білдіреді. Күн мен түн теңелген күнге айтылып, күнмен есептелетін күнтізбе бойынша жылдың алғашқы күні деп танылады. Хижри жыл санауы Мұхаррам айының бірінен, григориан (миләди) жыл есебі қаңтардың бірінен басталғандай, бұл да сол мағынаға ие. 

 · «Михиржан» болса, күз кезіндегі күн менен түн теңелген күнді белгілеу болып саналған. Осындай ауа райының да орташа болған, жыл арасындағы суық пен ыстықтың тура ортасына дәл келгендігіменен ерекшеленеді. 

 · Бұрынғы фәлсафашылар (философтар) жоғарыда айтылған себептерге негізделе, сол күндерді өздеріне мейрам ретінде қабылдаған болуы керек деген болжамдар айтылады. Сол уақытта адамдар фәлсафашылардың санасын жоғары деп есептегендіктен, бұл екі күнді мейрам ретінде қабылдаған. Пайғамбарлар, оларға Алланың сәлемі болсын, келгеннен кейін фәсафашылардың айтқандарын жоққа шығарған. 

 · Аталған екі мейрам – жақсы мейрамдар емес. Шынында, жақсы мейрамдар – Құрбан айт пен Ораза айт күндері. Алла Тағалам екі жаман мейрамның орнын екі жақсы мейраммен алмастырғандығы жайлы Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, хабар берді. 

 · «Наурыз», «Михиржан» және басқа мұсылман еместердің мейрамдарын тойлауға шариғатымыз қатаң тыйым салады. 

 Шейх әл-Ислам Хафиз Ибн Хаджар әш-Шафи`и былай дейді:
«Осындай кемшіліктерге мысырлықтар да тап болып отырады. Себебі, көпшілік мысырлықтар яһудилер мен християндардың мейрамдарына серіктес болып жатады: олар мейрамдарына қалай тағзым қылатын болса, бұлар да солай жасап, сол күндері әшекейленіп киінеді, жақсы тағамдармен дастархандарын толтырады – имансыздар не нәрсені істесе, сол нәрселерді қайталайды».

[Дереккөз:«Базлул Мажхууд», 5/203.] 

Өзгелердің мейрамдарын тойлау дұрыс еместігі жайлы Имам Ибн әл-Хааж әл-Мәлики өзінің берекелі «Әл-Мадхәл» еңбегінде (1-томның аяғы, 2-томның басында) кеңінен баяндаған.

 Фиқһ ғалымдарының сөзіне құлақ салсақ: 

 «Фатауә әл-Базазия» (6/333-334) кітабында былай жазылған:

1. Мәжустердің (отқа табынушылардың) наурызына шығу, сол күндері олар жасаған нәрселерді қоса жасап, оларға ұқсау – олардың қылықтарына лайық болу – иманнан шығу. Көбіне осы сияқты оқиғалар сол дінде болып, одан кейін Исламды қабылдағандардың қатарынан көп кездеседі. Олар осы күні Наурыз тойлағандармен бірге жиналып, тойлап жүріп, (иманнан шығып кеткендерін) өздері де байқамай қалады.
2. Наурыз күні «наурыз құрметіне» бір жұмыртқаны сыйлыққа берсе (иманнан шығады). Ал енді наурыз тойлаған мәжустер сол күнге арнап даярлаған тағамдардан байларға, таныс-туыстарына сыйлайтын болса, олардың мейрамын тойлағандай, соларға ұқсағандай болып қабыл алу – харам (тыйым салынған). Бірақ, оларға ұқсамастан, бұрыннан алыс-беріс болғанын есте сақтап, сол мағынада берген тағамдарын алуға рұқсат. Алайда, осыған қарамастан, бұдан сақтану аманшылыққа, иманды сақтауға жақын. Мағынасы: Кім «наурыз құрметіне» оларға сыйлық берсе, олардың мейрамын қолдап, көмек көрсеткендей, адасуына жол ашып бергендей болады.
3. Мұсылман адам наурыз күні басқа мұсылманға сыйлық беретін болса, ниетінде наурызды еске алу емес, тек қана бауырластық сезіммен, әдетке айналған ісі бойынша берсе (мысалы ай-сайын беріп жүрген болса), бұл ісімен иманнан шығып кетпейді. Алайда сол күні сыйлық бермегені жақсырақ. Имансыздарға ұқсап қалмау мақсатында сыйлық беруді одан алдын, не одан кейін іске асырғандығы дұрыс.[Бұл мәселе ханафи мәзхабының «Татархания» (5/354) пәтуа жинағында қарастырылған.]
4. Имам Әбу Хафстан риуаят етіледі: «Кім Алла Тағалаға елу жыл ғибадат қылып, содан кейін наурыз күні кейбір мүшріктерге наурыздың құрметіне сыйлық берсе, ақиқатында (иманнан шықты).

[Дереккөз:«Татархания», 5/354.] 


 «Фатауә әл-Базазия» пәтуа жинағы және авторы жөнінде мәлімет: 

Кітаптың толық аты – «Әл-жами`ул уәжи`из». Автордың толық аты – имам Хафизуддин Мұхаммед бин Шиха`аб әл-Кардари әл-Ханафи, ол Ибн әл-Базаз деген атпен танымал болған, Алла оны рақым етсін. Хижри 827-жылы соңғы сапарға аттанған. Аталған кітапты «Фатауә» және «Уақи`ат» кітаптарының ең сенімділерінен (яғни ерекшеліктерінен) алып, белгілі кітаптардан теріп жазған. Дәлелі күшті мәселеге таржих жасап, жан беріп, ынсаптылықпен жазылған әдемі көркем кітап. Кітапты 812-хижри жылы жазып бітірген (мақала авторынан: Құдайым, менің де кітаптарымды бітіруіме нәсіп еткейсің). Ғалымдар айтады: «Бұл кітап – мәселе таппай қаралғанда, жауап таппай қиналғанда қайтып оралатын кітап». Әйгілі болған Мүфти Әбу Суғуудқа: «Не үшін қажетті мәселелерді жинамайсыз? Не үшін кітап жазбайсыз?» – деп айтылғанда, ол кісі: «Мен «Базазияның» авторынан ұяламын. Оның кітабы тұрғанда қалайша мен кітап жазғанға кірісе аламын?! Ол – құрметті әрі шарапатты бір жинақы кітап, онда қажетті болған мәселелердің төрелері қамтылған». [ «Кашфуз Зунун» ] Бұл кітап менің кітапханамда бар, қалайтындар көрсе болады. 

 Имам Әбу Хафс әл-Ханафи жөнінде мәлімет: 

Шейх Ахмад бин Хафс – Әбу Хафс Кабир деген есімімен танымал болған атақты имам. Хазреті имам Әбу Ханифаның шәкірті имам Мұхаммед бин Хасан Шайбаниден ілім алған. Имам Бұхари екеуі замандас әрі жақын дос болған. Оларға Алланың рақымы болсын. «Әл-Фатауә әт-Татархания» (5/354) еңбегінде былай деп жазылған: «Әл-Жамий әл-Асарда» айтылады: бір адам наурыз күні бұрын сатып алмаған нәрсесін, мүшриктер наурызды құрметтегендей, сол күнді құрметтеу ниетінде сатып алса, кәпір болады. Алайда, жай ғана жеуге, ішуге немесе жанның рахаты үшін алса еш нәрсе емес.

 «Әл-Фатауә әт-Татархания» және оның авторы жайында мәлімет: 

Татархания кітабы – «Мухит әл-Бурханидің», «Захираның», «Ханияның», «Захирияның» мәселелерін жинап, «Хидаяның» тәртібінде жазылған үлкен еңбек. Кітаптың негізгі аты – «За`адус Сафар», кейбір риуаяттарда «За`адул Мусафир» деп аталып, кейінірек «Татархания» деген атпен белгілі болған. Сол уақытта әмір болып Татар Хан тұрған, биліктің екі тізгін, бір жүгенін қолына мықтап алған, сондықтан кітапты оның құрметіне солай атаған. Авторы – Мауләнә Әлим бин Әла әл-Индарпати әл-Ханафи. Хижри 786-жылы ақыретке аттанған. [ «Кашфуз Зунун», «Нухзатул Хауатир» ] Кітап менің кітапханамда бар, қалағандар көруіне болады.


 «Хуласатул Фатауә» (4/387) кітабында былай айтылады: 


Наурыз күні мәжусилер жиналып, тойлап жатқан жерге мұсылман адам келіп, «жақсы сүннетті бастапсыңдар» деп айтса, кәпір болады. [Бұл мәселе «Базазия», 6/333-те айтылған.] 

Мағынасы: "Мынадай ереже бар: Әрбір таңдау - бұл қандайда бір нәрселерден бас тарту. Бұл, мұсылман басқа діндегілердің мейрамын «жақсы іс, жақсы сүннет» деп айтып жатқандығы, Ислам мейрамдарын «жаман іс» деген мағынаны өзіне қамтиды. Сондықтан иманнан шығады.
[Дереккөз: Мулла `Әли Қари, «Шарх Әлфазил Куфри», 206.] 

 «Хуласатул Фатауә» және оның авторы жайында мәліметтер: 

Авторы – Тахир бин Ахмад бин Абдурашид әл-Бұхари әл-Ханафи, ұлы имам, көркем ахлақ мінезді, жақсы әдепті үлкен ғалым. Бұхарада хижраның 482-жылы жумадә әл-улә айында Алланың Мейіріміне қайтқан. «Хизаанатул Уақии`ат» және «Нисаб» кітаптарын жазып, одан кейін осы екі кітабын қысқартып, «Хуласатул Фатауә» деген кітабын жазған. [«Табақатул Ханафия»] Кітап менің кітапханамда бар, қалағандар болса, көрулеріне болады.

Ғұлама Бадр әр-Рашид әл-Ханафидің «Әл-Фазул Куфр» деген кітабына ғұлама Мулла `Әли Қари әл-Ханафидің берген шархының 206-208 беттерінде былай жазылған: «Кім күпір иелері жиналған жерге наурыз күні шықса, ақиқатында (иманан шықты), өйткені бұл күпірлікті жария қылу, оларға қолдау көрсету болып есептеледі».

 Шейх Мулла `Әли әл-Қари және оның кітабы жөнінде мәліметтер: 

Имам, ғұлама Абул-Хасан `Әли бин Сұлтан Мұхаммед Қари Харауи, одан кейін әл-Мәкки әл-Матуриди әл-Ханафи Нуруддин. Имам Ләкнәуидің айтуы бойынша хижраның 1014-жылы ақірет сапарына Мекке қаласында аттанып, Ма`алә мазарына қойылған. Ол кісі дүниеден өткенде Мысыр ғалымдары жиналып, әйгілі әл-Азхар мешітінде жаназа намазын ғойб түрде оқыған. Хадис және фиқһ ілімдерінің тізгінін бірдей ұстаған санаулы ғалымдардың бірі. Бұл кітап – Мулла `Әли Қаридің ақида саласындағы беделді кітаптарінің бірі. Кітапты доктор Тойиб бин Омар Хусейн Шанқити оған тахқиқ жасап, жарыққа шығарған. Кітап менің кітапханамда да бар, қалағандар болса, көрулеріне болады.

 Қорытынды сөз: 

 Платон менің досым, алайда ақиқат одан жоғары тұрады. Өзім ханафи мәзхабын ұстанатындықтан, ханафи ғұламаларының пікірлерін олардың кітаптарынан беруді дұрыс деп таптым. Дұрыс, кейбіреулер мені осы себепті жеккөруі мүмкін, жоқ нәрсені айта береді деп те ойлауы мүмкін. Ондайды көріп те қалмадық па? Сөз расында бұзылмайды. Алла Тағаламның алдындағы жауапкершілігімді сезіп, болғанын болғандай айттым. Осыған қарамастан, біраз жұмсағырақ болсын деген ниетте ғұламалардың сөзіндегі «кәпір болды» деген сөздерін «иманнан шықты» деген сөзбен түсіндіруді дұрыс деп таптым және оған дәлел қатары – бұл сөздерді ( ) жақшаның ішіне алдым.

Кейбіреулер былай айтуы мүмкін: Наурыздың не зияны бар? Арша жаққаны жаман ба? Не сүмелек, көже қайнатқаны жаман ба? Жай ғана жаз мейрамы деп тойлай берсек болмайды ма? 

Жауап: Арша жағу шариғатымызда бар. Оны сүннет деп білеміз. Арша тұтатқан жерден жын-шайтан қашады, әртүрлі аурулар тұқымымен жойылады. Арша тұтатуды наурызға байланыстыру дұрыс емес. Келін келгенде, киіз үйлер көтергенде, қонақ келгенде қырғыз әрдайым арша тұтатып келген. Ал сүмелек пісіру – оңтүстік қырғыздардың, көршілес өзбек, тәжіктердің дастарханынан, ал көже пісіру – солтүстік қырғыздардың және көршілес қазақтардың ежелден келе жатқан дәстүрлі тағамы. Одан құйтырқылық іздеудің қажеті жоқ. Мекке қаласында тұрғанымызда көршіміз сүмелек қайнататын еді, ешқандай да наурыз жоқ еді... 

Сонымен қатар қандай да бір күнді мейрам тұту – демек, бұл шариғатымыздың бір үкімін атқару. Мейрам деп белгілеу – Алла Тағалама тиесілі жұмыс. Алла Тағала Құранда: «Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты.» – деп Мәида сүресінің екінші аятында атап кетеді. Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, айтады: «Кім қайсы бір қауымға ұқсаса, ол сол қауымнан болады!» [Дереккөз: Ахмад, Әбу Дауд.]

 Тағы бір рет айтамын, бұл – мұсылмандарға айтылған сөз ...

 Шын жүректен, біртуғандарың – Чубак Қажы.

[ Шейх Чубак Қажы Жалилов (рахимаһуллаһ), Қырғыз Республикасының экс-мүфтиі, ҚМДБ ғалымдар кеңесінің мүшесі ] 

Дереккөз: Nasaat Media
Аударған: Darulahnaf.com 


жүктеу: Қаз.PDF/download/button
скачать: Русс.PDF/download/button

Дейінгі Келесі